ЖБА бар пациенттерді логопедиялық оңалту
Қандай әдіс-тәсілдер бар, жаттығулар қалай ұйымдастырылады және кімдерге кеңес беріледі
Бұл мақала таныстыру сипатында жазылған және маман кеңесін алмастыра алмайды. Кәсіби медициналық нұсқаулықтар мен көмек алу үшін емдеуші дәрігеріңізге жүгініңіз.
Логопедиялық оңалту — тың бағыт
Жұлын бұлшықет атрофиясы (ЖБА) бар балаларды логопедиялық оңалту — салыстырмалы түрде жаңа сала. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана оңалтудың бұл түрі мүлдем болмаған, өйткені жұтыну және тыныс алу функцияларының ауыр патологиялары бар балалардың өмір сүру ұзақтығы тым қысқа болатын. Ол кезде пациенттер өз өмірін сақтап тұру үшін тек ауруханадағы үлкен аппараттарға таңулы еді.
Бүгінде медициналық құрылғылардың ықшамдалып, қолжетімді бола бастауы баланың ауруханада емес, үй жағдайында күтілуіне жол ашты. Патогенетикалық емнің шығуы ЖБА бар балалардың өмірін ұзартып, дамуына жаңа мүмкіндіктер берді. Дегенмен, дерттің әсерінен көптеген баланың тыныс алу және жұтыну бұлшықеттері әлі де әлсіз. Сондықтан оларға әдетте өздігінен қалыптасуы тиіс жұтыну, тыныстау және дыбыс шығару сияқты маңызды қабілеттерді дамыту үшін арнайы қолдау қажет. Дәл осы мәселелермен қазіргі таңда логопед-оңалтушылар айналысады.
Қай кезде логопедтің, ал қай кезде логопед-оңалтушының көмегіне жүгіну керек

ЖБА бар барлық пациенттер үшін ортақ кеңестер бар: респираторлық терапевттің бақылауында болу, күнтізбеге сәйкес екпе алу және тыныс алу жаттығуларын жасау. Дегенмен, атқарылатын жұмыстардың көбі баланың физикалық жағдайына тікелей байланысты.
Егер балаға айтылған сөзді түсіну қиын болса, ол өз бетінше сөйлем құрай алмаса, сөздердің грамматикалық және буындық құрылымы бұзылса, дыбыстарды дұрыс айтпаса, сөздік қоры аз болып, дауыс шығаруда қиындықтар туындаса, оған клиникалық логопедтер жүргізетін логопедиялық түзету қажет. Ал егер ЖБА бар балаға жұтыну, шайнау немесе тыныс алу қиынға соқса, оған логопед-оңалтушы айналысатын логопедиялық оңалту көрсетіледі.
Логопедиялық оңалтудың сөйлеу қабілетіне әсері
Адамның жұтынуы сөйлеу аппаратының біртұтас жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Бұл жүйеге артикуляциялық, дауыс шығару және тыныс алу бөлімдері, сондай-ақ сөйлеуді басқаратын бас миының қыртысы жатады. Сөйлеу мүшелері (тіл, ерін, жақ, таңдай, көмей, өкпе және т.б.) алдымен тыныс алу, шайнау мен жұтынуға жауап береді, бірақ баланың психикалық дамуына қарай бұл органдар сөйлеу қызметін де атқара бастайды.
Логопед-оңалтушылар баланың өміріне ең қажетті дағдыларды — жұтыну, шайнау, тыныс алу және алғашқы дыбыстарды шығаруды үйретеді. Бала осы әрекеттерді меңгеріп, оларды өзара үйлестіре алған кезде тынысы түзеліп, дауысы нығаяды, ал артикуляция мүшелері икемді бола түседі. Осылайша, базалық функцияларды қалпына келтіру сөйлеу қабілетінің ашылуына негіз болады.
Логопедиялық оңалтуда қолданылатын әдіс-тәсілдер
Қазіргі таңда бұл салада нақты клиникалық зерттеулер мен бекітілген нұсқаулықтар әлі де аз. Сондықтан жұмыс негізінен практик мамандардың жинақтаған тәжірибесіне сүйеніп жүргізіледі. Бұл мақалада балалар мен ересектерді оңалту саласында 15 жылдық, оның ішінде ЖБА бар балалармен жұмыс істеуде 3 жылдық еңбек өтілі бар логопед-оңалтушы Ольга Бураяның қолданып жүрген әдістері сипатталған.
Материал тек таныстыру мақсатында ұсынылып отыр. Нақты емдеу шараларын, әдістердің қолданылу ретін тек дәрігер белгілейтінін ескеріңіз.
Логопедиялық массаж — артикуляциялық аппарат бұлшықеттерінің (бет, бастың шаш бөлігі, мойын, тіл, ұрт, ерін, таңдай) қызметін қалпына келтіруге арналған массаж техникасы. Маман бұл процедураны қолмен немесе арнайы құралдардың — логопедиялық массаж зондтарының, зонд алмастырғыштардың, шпательдердің көмегімен жүзеге асырады.
Логопедиялық массажға көрсетілімдер: дизартрия, дауыстың жартылай жоғалуы немесе бұзылуы, ринолалия, кекештену. Ол бұлшықет гипертонусы, гипотонусы, бұлшықет атрофиясы бар, сілекейі көп ағатын (гиперсаливация) және дыбыстарды анық айта алмайтын балаларға жасалады [2]. Массаж артикуляциялық аппарат бұлшықеттерінің сал болу (паралич) және парез белгілерін азайтып, сөйлеу бұлшықеттерінің патологиялық қозғалыстарын бәсеңдетеді. Сонымен қатар, ол сөйлеу ақауларынан туындауы мүмкін психологиялық кернеуді жеңуге көмектеседі [3].
Массажды баланың жағдайына қарай жатқызып немесе отырғызып жасауға болады.
Маманның қолы, пайдаланылатын құралдар мен қолғаптар міндетті түрде антисептикпен өңделеді, ал арнайы зондтар зарарсыздандырудан өтеді.
Сөйлеуге қатысатын бұлшықеттердің жұмысын жақсарту үшін әр балаға массаждың жеке әдістемесі таңдалады.
Тұмау, вирустық инфекциялар, ауыз қуысының қабынуы (стоматит), көздің қызаруы мен қабынуы (конъюнктивит), лимфа түйіндерінің ісуі, ұшық, терідегі бөртпелер мен аллергия кезінде процедура тоқтатылады. Эпилепсиялық белсенділігі бар балаларға массаж тек дәрігердің жіті бақылауымен және үлкен сақтықпен жасалады.
Логопедиялық оңалту массажы — бұл жұтыну, шайнау және дауыс шығару функцияларын қалпына келтіруге, сөйлеу кезіндегі тыныс алуды реттеуге көмектесетін, сондай-ақ сөйлеу жүйесі бұлшықеттерінің тонусын қалыпқа келтіретін массаж түрі. Бұл әдіс тіпті күрделі неврологиялық белгілерді түзетуге септігін тигізеді [4].
Логопед-оңалтушы, логопедиялық массаждағыдай тек ауыз қуысы, бет және иық белдеуімен ғана шектелмей, пациенттің кеуде бөлігімен, арқасымен, жамбасымен, сондай-ақ табаны мен қол басымен де жұмыс істейді. Маман ағзаның барлық бөліктері арасындағы өзара байланысты ескереді.
Әрқашан жатқан күйде орындалады.
Емдік шараларды екі айлық кезінен бастап жүргізуге болады, бірақ ерте жаста бұл әдіс тек баланың өмір сүруіне қауіп төндіретін ерекше жағдайларда ғана қолданылады.
Шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар, мойын бөлігіндегі қан айналымының ауыр бұзылулары, асқыну сатысындағы эпилепсия.
Клиникалық ұсынымдарда [1] көрсетілмеген.
Логопедиялық кинезиотейпинг арнайы серпімді ленталар — тейптердің көмегімен жасалады. Тейптер дененің белгілі бір аймақтарына жапсырылып, онда бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін қалады.
Тейптер терідегі және тері астындағы рецепторлар мен жүйке ұштарына әсер етеді. Тейпинг бұлшықеттерге түсетін күшті азайтуға және тіндердің қоректенуін жақсартуға мүмкіндік береді. Тейптердің әртүрлі түрлерін қолдана отырып, маман бұлшықеттердің жұмысын басқара алады: тонусты көтеру немесе түсіру, олардың қызметін қалыпқа келтіру, жаңа қозғалыс дағдыларын қалыптастыру және қозғалысты бақылау қабілетін қалпына келтіру [11].
Клиникалық ұсынымдарда [1] тейптер қол мен аяқ бұлшықеттеріне түсетін жүктемені азайтуға көмектесетін құрал ретінде сипатталған. Логопедиялық оңалтуда тейптер артикуляциялық бұлшықеттермен жұмыс істеу үшін бетке, ал ұсақ моториканы дамыту үшін білезік пен саусақтарға жапсырылады.
Терінің зақымдануы, жеке реакция.
Менің байқауымша, ЖБА бар балаларды сауықтыруда кинезиотейпинг әдісі ең ыңғайлы, ал кейде жалғыз тиімді жол болып табылады. Тейптер ешқандай ауырсыну тудырмайды және бұлшықеттерге ұзақ уақыт бойы оң әсерін тигізе береді. Осы ленталар арқылы біз массаждан алған нәтижені бекітіп, оның әсерін ұзартамыз. Егер баланың денсаулығы белсенді жаттығулар жасауға әлі де әлсіз болса, онда оңалтуды дәл осы тейптерден бастаған жөн.
Ленталарды дұрыс жапсыру арқылы маман бұлшықеттердің жұмысын жақсартып, ауырсыну белгілерін басады. Сондай-ақ, бұл әдіс бұлшықеттердің еріксіз тартылуын азайтуға және дененің қозғалыс пен тепе-теңдік бұзылыстарын түзетуге көмектеседі.
ЖБА кезінде мамандар логопедиялық тейпингті мына жағдайларда қолдана алады:
жұтынудың бұзылуы (дисфагия) кезінде,
диафрагма функцияларын қалпына келтіру жұмыстарында,
беттің ауырсыну тудыратын ісінулері кезінде,
шықшыт буынының (самай-төменгі жақ буыны) қызметі бұзылғанда,
тістемнің (прикус) бұзылуы кезінде,
үшкіл және бет жүйкелерімен жұмыс істегенде,
сілекейдің шамадан тыс ағуы (гиперсаливация) кезінде.
Брифабилити — адамның тыныс алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және оның әртүрлі тәсілдерін меңгеруге бағытталған әдіс. Оның негізгі мақсаты — терең әрі белсенді тыныс алуды қалыптастыру, ағзаны оттегімен толық қамтамасыз ету және гипоксияның алдын алу. Мамандардың пікірінше, бұл тәсіл өкпенің тыныс алу көлемін ұлғайтып, сөйлеу кезіндегі дем шығару күшін арттырады. Сондай-ақ мұрынмен дұрыс тыныстауды үйретіп, бұлшықеттегі қысылу мен түйілуді жазуға көмектеседі.
Жаттығу кезінде пациент физикалық немесе эмоционалдық жүктемелер кезінде тыныс алу ырғағын басқаруды үйренеді. Процедура үстіне жұмсақ доптар қойылған арнайы мембраналық үстелде жасалады. Маман кішігірім доптармен жұмыс істей отырып, пациенттің ішкі мүшелері мен бұлшықеттеріне оң әсер етеді.
Бұл әдісті негізгі логопедиялық сабақтың бір бөлігі ретінде (15–20 минут) немесе жеке оңалту курсы ретінде (25 минуттан 50 минутқа дейін) қолдануға болады. Уақыт ұзақтығы баланың жасына және денсаулық жағдайына қарай белгіленеді.
Тігістерді алғанға дейінгі отадан кейінгі кезең, инсульттан кейінгі алғашқы апта, онкологияның төртінші сатысы, туберкулездің ашық түрі.
Тыныс алу жүйесінің реттелуі ағзаның жалпы сауығуына әкеледі және қозғалыс, сөйлеу, таным салаларының дамуына үлкен серпін береді. Сондықтан мен өз жұмысымда тыныс алуды оңалтуға ерекше көңіл бөлемін. Жұлын бұлшықет атрофиясы (ЖБА) бар балалармен жұмыс істегенде, логопедиялық оңалтуды көбіне тыныс алудың дұрыс үлгілерін қалыптастырудан бастаймын.
Клинические рекомендации Министерства здравоохранения РФ «Проксимальная спинальная мышечная атрофия 5q» от 2021 года // Рубрикатор клинических рекомендаций Минздрава РФ.
Приходько О. Г. Логопедический массаж при коррекции дизартрических нарушений речи у детей раннего и дошкольного возраста. СПб.: КАРО, 2008.
Васенина Е. Е., Левин О. С. Нарушение речи и тревога: механизмы взаимодействия и возможности терапии // Журнал неврологии и психиатрии им. С. С. Корсакова. 2020; 120 (4). С. 136–144.
Дьякова Е. А. Основные принципы использования логопедического массажа при профилактике и коррекции речевых нарушений.
Микляева Ю. В. Логопедический массаж и гимнастика. Работа над произношением. М.: Айрис-пресс, 2015.
Блыскина И. В. Комплексный подход к коррекции речевой патологии у детей. Логопедический массаж. Методическое пособие для педагогов дошкольных образовательных учреждений. СПб.: Детство-Пресс, 2017.
Архипова Е. Ф. Логопедический массаж при дизартрии. СПб.: Астрель, 2008.
Дьякова Е. А. Логопедический массаж при разных формах дизартрии. Учебное пособие для студентов. Издание 3-е, исправленное и дополненное. М.: Секачев В. Ю., 2020.
Краузе Е. Н. Логопедический массаж и артикуляционная гимнастика. Практическое пособие. 4-е изд. СПб.: КОРОНА-Век, 2009.
Новикова Е. В. Зондовый массаж: коррекция звукопроизношения. Наглядно-практическое пособие. М.: Гном, 2010.
Барулин А. Е., Курушина О. В., Калинченко Б. М. Применение методики кинезиотейпирования у пациентов неврологического профиля // РМЖ. 2016. № 13. С. 834–837.
Батуева А. Э. Тейпирование в спорте: вчера и сегодня. Физическая культура. Спорт. Туризм. Двигательная рекреация. 2020. 4 (1). С. 35–40.
Гайт В. А. Основы кинезиологического тейпирования: Инструкции и советы для начинающих. М.: Бибаланс, 2021.
GonzáLez-Iglesias, J. Short-term effects of cervical kinesio taping on pain and cervical range of motion in patients with acute whiplash injury: a randomized clinical trial / J. GonzáLez-Iglesias, C. Fernández-de-las-Peñas, J. Cleland, P. Huijbregts, M. Del Rosario Gutiérrez-Vega // Journal of Orthopaedic & Sports Physical Therapy. 2009. V. 39 (7). P. 515–521.
Halseth, Т. The Effects of Kinesio™ Taping on Proprioception at the Ankle / T. Halseth, J. W. McChesney, M. DeBeliso, R. Vaughn, J. Lien. // The Journal of Sports Science and Medicine. 2004. V. 3 (1). P. 1–7.
Hyland, M. R. Randomized Controlled Trial of Calcaneal Taping, Sham Taping, and Plantar Fascia Stretching for the Short-Term Management of Plantar Heel Pain / M. R. Hyland, A. Webber-Gaffney, L.Cohen, S. W. Lichtman // Journal of Orthopaedic & Sports Physical Therapy. 2006. V. 36 (6). P. 364–371.
Сайт Брифкуратор.




