ЖБА бар пациенттерге арналған созу жаттығулары

Созу жаттығуларының көмегі қандай, олар кімге көрсетілген және оларды қалай дұрыс орындау керек

Созу дегеніміз не?

Созу жаттығуларын не үшін жасау керек және олар ЖБА кезінде қалай көмектеседі?

Созу немесе бұлшықетті пассивті созу — бұл бұлшықеттің иілгіштігін сақтауға бағытталған жаттығулар кешені.

ЖБА кезінде бұлшықеттердің жиырылуына көмектесетін жүйке жасушалары ерекше SMN ақуызының жетіспеушілігінен жойылады [3]. Бұлшықеттер иілгіштігін жоғалтып, бұзылады және олардың орнына дәнекер тін пайда болады [4]. Дәнекер тін іс жүзінде созылмайды, соның салдарынан осы бұлшықеттер басқаратын буын қозғалғыштығын жоғалтады. Ал буын неғұрлым нашар жұмыс істесе, бұлшықетке соғұрлым аз күш түседі. Демек, бұлшықет бұдан да бетер әлсіреп, қысқарады, буынның қозғалуы қиындай түседі де, қисаю дамиды.

Біз бұлшықет талшықтарын созу арқылы әдейі күш түсіргенде, бұлшықеттерді жаттықтырып, олардың функцияларын сақтауға көмектесеміз.

ЖБА бар пациенттерге арналған созу, жалпы алғанда, әдеттегі гимнастикалық созуға ұқсас, бірақ буындардағы қозғалыс көлемін, сүйектердің нәзіктігін және бұлшықет тонусының әлсіреуін ескереді. Процедура тіндерді зақымдап алмау және буынның шығып кетуіне жол бермеу үшін ұқыпты орындалады, тек бір нақты буынға ғана күш түсіріледі.

Созу жаттығуларын қалай жасау керектігін ата-аналарға маман үйретеді. Жаттығулардың өз техникасы мен ережелері бар.

Кімге созу жаттығуларын жасау керек?

Контрактуралар болмаса, созу жаттығуларын жасау міндетті ме? Егер оны жасамаса не болады?

Созу жаттығулары ЖБА бар барлық пациенттерге ұсынылады. Мәселе мынада, біз емдеу мен оңалту басталғанға дейін қанша жүйке жасушасының жойылғанын біле алмаймыз, демек, қисаюлардың дамитынын не дамымайтынын болжай алмаймыз. Біздің міндетіміз — асқынулардың дамуынан озу. Ал егер асқынулар біліне бастаса, баланың буындарында қазіргі бар қозғалыс көлемін сақтап қалу үшін күресу маңызды.

Созу жаттығулары келесі жағдайларда жасалады:

  • баланың белсенділігі төмендейді: оған жүру, қолдарын қимылдату қиындайды, қимыл-қозғалысы жалпы шектеледі немесе мәжбүрлі болады, толық көлемде орындалмайды;

  • бала мәжбүрлі қалыпта көп уақыт өткізеді және қозғала алмайды;

  • балаға қолдарын, аяқтарын, білектерін, табандарын, саусақтарын бүгу қиындай бастады.

Кейде созу жаттығулары пайдасыз болуы мүмкін: егер қисаю тез күшейсе (бұл жағдайда кезеңдік гипстеу көрсетіледі) немесе ол қалыптасып қойса (мұндай жағдайда тек ота көмектеседі).

Басқа жағдайларда созу жаттығуларын мүмкіндігінше ертерек бастау керек, олар дене қалпын күту режимінің бір бөлігіне айналуы тиіс.

Қандай да бір арнайы дайындық қажет пе?

Созу жаттығуларын үй жағдайында жасауға бола ма? Қандай да бір жабдық қажет пе?

Созу жаттығуларын үйде жасауға болады және тіпті қажет. Жаттығу жасау тұрақты болуы тиіс. Оның өз техникасы мен ережелері бар. Маман ата-аналарды үйретеді.

Созу үшін қандай да бір ерекше құрылғылардың қажеті жоқ. Спорт залында жаттығуға дейін немесе одан кейін адамның қалай созылатынын елестетіп көріңізші: еңкейеді, қолдарын, білектерін, тобықтарын, мойнын созады. Біз балаға шамамен осындай жаттығу жасауға көмектесеміз. Қолдары мен аяқтарын белгілі бір бұрышпен, белгілі бір күшпен қозғалтамыз, бұл ретте баланың ауырсынбауы маңызды («Маман созуды қалай жүргізеді» видеосын қараңыз).

Созудың алдында және кезінде жеңіл жылыту массажын жасау ұсынылады. Кейде созу жүргізілетін аймақты жылыту үшін озокеритті аппликациялар (парафинотерапия) қолданылады.

Процедурадан кейін, егер тағайындалған болса, түторларды кию ұсынылады [2]. Бұл жаттығулардың нәтижесін бекітуге мүмкіндік береді. Егер бала тұра алса, созудан кейін тік тұрғызу (вертикализация) да ұсынылады [5].

Егер созу дұрыс орындалса, баланың бұлшықеттері жаттыққан, иілгіш (демек, функционалды, жұмысқа қабілетті) болады, соның салдарынан буындағы қозғалыс көлемі де сақталады.

Созу жаттығуларын қалай дұрыс орындау керек?

Созу кезінде дұрыс техника маңызды: бастапқы қалыпты да, қозғалыс бағыты мен көлемін де ескеру қажет. Қауіпсіздік ережелері мен қарсы көрсетілімдері бар.

Созуды нақты қалай жасау керектігін маман үйретеді, оның үстіне, дәл баланы бақылап жүрген және оған бұл процедураны өзі жасап көрген маман болуы тиіс, өйткені әр жағдайда техниканы жүргізу мен бастапқы қалыптарды таңдаудың өз ерекшеліктері болуы мүмкін.

Неге назар аудару керек?
созу тұрақты түрде, аптасына бірнеше рет жүргізіледі;
созуды баяу және абайлап орындау керек, бала ауырсынбауы тиіс;
әр жаттығуды бір сеанста 10-нан 15 ретке дейін қайталау керек;
әр созу кезінде қалыпты 15-ке дейін санап ұстап тұрады.
Не істеуге болмайды
бұлшықетті бірден бірнеше жазықтықта және бағытта созуға;
көршілес буындарда қозғалыс тудырып немесе қозғалыстарды біріктіріп, бірден бірнеше бұлшықетті созуға;
буынға (мысалы, тізеге) салмақ түсіріп басуға;
буынды шамадан тыс жазуға;
бірінші реттен-ақ бұлшықетті қозғалыстың толық көлеміне дейін созуға тырысуға — бұл бұлшықетті, буынды, сүйекті жарақаттауы мүмкін.

Созу жаттығуларын қанша уақыт және қаншалықты жиі жасау керек?

Егер біз созу жаттығуларын сирек, бірақ ұзақ жасасақ, оның нәтижесі қысқа әрі жиі сессиялармен бірдей бола ма?

Бұл жерде мәселе процедураның ұзақтығында емес, техникасында. Сеанс қанша уақытқа созылуы керектігін баланы бақылайтын дәрігер анықтайды. Оның шешімі анықталған өзгерістерге байланысты болады. Қисаюлар неғұрлым тез артса, созу жаттығуларына соғұрлым көп уақыт пен көңіл бөлу керек [5].

Бұлшықеттердің оңтайлы ұзындығын сақтауға көмектесетін барлық процедуралар — бұған созу да, ортездерді пайдалану да жатады — күніне 8 сағаттан бастап уақытты алады [5].

Тұрақтылыққа келетін болсақ, ұсынылатын минимум:

  • өздігінен отыра алмайтын балалар үшін — аптасына 3–5 сеанс;

  • өздігінен жүре алмайтын балалар үшін — аптасына 5–7 сеанс;

  • өздігінен жүретін балалар үшін — аптасына 2-3 сеанс [7].

Егер созу жаттығуларын аптасына бір реттен сирек жасаса, олар тиімсіз болады.

Әдебиеттер тізімі